Жаз маусымында хан жайлаудың төрінде ел мен жұрттың басын қосып, бір сергіп қалғанға не жетсін. Райымбек ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Райымбек, Кеген, Панфилов, Ұйғыр аудандары негізінде Шалкөде жайлауында асыл тұқымды іріқаралардың көрмесі ұйымдастырылды. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер қонақтарға есігін айқара ашты. Даланың үлкен сахнасында әсем әндер төгі
ліп, күміс күйлер қалықтап жатты. Сол күні ұлттық салт-дәстүріміз өрнектелді. Ұлттық спорт ойындары – аударыспақ, қыз қуу, ат бәйгесі өткізілді. Қыз – бозбала алтыбақан аясында тербетілді. Сөйтіп, Шалкөде жайлауында ел мен жұрттың басы қосылды.
Аламан бәйге жарысында 58 тұлпардың ішінен 42 шақырымды артта қалдырып озық болып келген Қарасай ауданына қарасты Ұзынағаш ауылынан келген «Қоян қасқа» атты жүйріктің иесі Магаков Қайрат есімді азамат бас жүлдеге ие болып «Нива» автокөлігін тізгіндеді. Екінші орын Тараз қаласынан келген Балбөлеков Қадыр есімді азаматқа бұйырса, үшінші орын Жамбыл облысынан келген Әмірғалиев Орынтай есімді азаматтарға тиесілі болды.
Сондай-ақ, топ бәйге жарысында Алматы қаласынан келген Байбатыров Ерланның «Оқжетпес» атты жүйрігі мәреге бірінші болып жетіп «Лада Гранта» автокөлігінің иесі атанды. Жамбыл облысынан келген Дәурен Серіктің «Тобылғы» лақап атты жүйрігі екінші орынды иеленсе, Алматылық Бұлғымет Мерхаттың «К700» (Касемсот) атта жүйрігі үшінші болып мәре сызығын кесті.
Ал, құнан бәйге жарысының жеңімпазы Қордай ауданының тумасы Өсербаев Мураттың «Астана» лақап атты сәйгүлігі бірінші болып жетіп, «Лада Гранта» автокөлігін иеленді.
Қазақтың ұлттық ойындарының бірі көкпар ойыны да тартысты өтті. Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Панфилов аудандарының көкпаршылары асқан ұйымшылдықтарымен, шеберліктерінің, білекті жігіттердің күштерінің айқын көрінісін дәлелдеп Кеген ауданының көкпаршы жігіттері жеңіс туын желбіретті. Екінші орын Райымбек ауданының жігіттеріне бұйырды.
Білекті жігіттер ат үстінде өз күштерін сынап, аударыспақ ойынын көрсетті. Сонымен қатар қыздарымызда қапы қалмай, ұлттық ойын қыз қууға қатысып, намысты қолдан бермеді.
Осылайша, бір күнге созылған атақты Шалкөде жайлауындағы дүбірлі той көптің есінде қалары сөзсіз.



