«Тіл – бірліктің бесігі» атты облыстық форумы Ақсу ауданының халық театры әртістерінің қойылымымен ашылды.
Сонымен қатар, тіл айлығы аясында өткен түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Шарада облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев өткізіліп отырған шараға тоқталды.
— Алматы облысында тіл айлығы жарияланған болатын. Сол айлықтың аясында көптеген байқаулар мен тілдің қолданылу аясын кеңейту тұрғысындағы шаралар өткізілді. Сол шараларды біз бүгінгі мерекеде қорытындылап, нәтижесін шығарып отырмыз. Бүгінгі Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі күні құтты болсын! – деді ол.
Жиында сондай-ақ, «Тіл – парасат» байқауының жеңімпазы, ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін нақышына келтіре оқитын Александра Михеева диалог құру, эссе жазу, өз өнерін көрсету сияқты төрт кезеңнен сүрінбей өтіп, халық назарына ілікті.
— Қуанышымда шек жоқ. Мені осы уақытқа дейін қолдағандарға алғысым шексіз. Өз басым жүлде аламын деп ойламадым. Себебі, қарсыластарым өте мықты болды. Ешқандай мүмкіндік болмайды деп ойлап едім. Алайда жүрегім қазақ тілі деп соққандықтан, оны аңғару қиын болмады деп ойлаймын, - деді жүлдегер қыз.
Айта кету керек, өткен жылы елімізде 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленді. Осыған байланысты Алматы облысында тіл айлығы барысында «Тіл – парасат», «Тіл шебері», «Славян жазулары», «Латын әліппиінде эссе жазу» және көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды.



