Текелі қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың қатысуымен Жастар жылына байланысты жастармен еркін форматта кездесу өтті. Алқалы жиынға әр салада еңбектеніп жүрген табысты жастар, халықаралық жарыстарда топ жарған спортшылар, ең белсенді, талапты, жігерлі жастар қатысты.
Жиылған қауымды Жастар жылының басталуымен құттықтаған қала басшысы Б.Өнербаев 2019 жылдың «Жастар жылы» деп аталуының тарихи мәні зор екенін алға тартып, қалада сапалы білім алуға, шығармашыл тұлға ретінде дамып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға, кәсіпкерлікпен айналысып, еңбекке араласуға барлық жағдай жасалғанына маңыз берді.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атаулы жылдың «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты ашылуында бірқатар ауқымды міндеттерді саралап, «Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті. Жігері тасыған, бойында от ойнаған жалынды жастар – еліміздің қозғаушы күші. Батыл, бастамашыл еркін ойларыңыз мемлекетіміз үшін аса қажет. Ертеңіміздің баянды болуы сіздерге тікелей байланысты. Ал, біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, толыққанды білім алуына жағдай жасауға, олардың мәртебесін көтеруге үлесімізді қосуға дайынбыз, – дейді қала әкімі.
Сөз кезегін алған жалынды жастар, атап айтсақ, Текелі кәсіптік колледжінің 2-курс студенті, мәдени, спорттық шаралардың белсенді қатысушысы Әлихан Рысбаев, Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер, шинкиокушинкай каратеден жасөспірімдер арасында Азия және Қазақстан чемпионы Данелия Акатаева, қаламыздағы денсаулық сақтау саласындағы үздіктердің бірі, жас дәрігер-хирург Данияр Мұқажан, металлургия саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азамат, «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас газшысы Әлішер Беделбаев, жеке кәсіпкер, өз бастамасымен шағын дәмханасын ашып, кәсібін нәсібім деп таныған Әділ Алмайдар, №8 орта мектебінің оқушысы, облыстық «Дарын» ғылыми жұмыс байқауының әрі облыстық пәндік олимпиадаларының жүлдегері Тайыр Сұлтанбек баяндамаларын ұсынып, барлық маңызды жобаларда креативтілік танытып, қолдау білдіретіндерін айтып, өз ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.
Жастар жылының ресми ашылуында Елбасы берген тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы туралы мәселелерді талқылаған қала әкімі Б.Өнербаев осы орайда қаламызда жастардың тың идеялары мен жобаларына бағыт беріп, күш-жігерін біріктіру мен түрлі мәселелер бойынша көмек көрсететін Жастарға қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланып отырғанын айтып, жастардың арманына қанат бітірді. Яғни, орталық жастардың білімін шыңдап, бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін әрі демалатын, жан-жақты қолдауға мүмкіндік жасайтын ортақ шаңырақ боларына сенім мол. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін арнайы жылдық жұмыс жоспары бекітіліп, «Жастар жылына арналған 100 игі іс-шара» жобасы қолға алынбақ. «Жастар – елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы» екенін баса айтқан қала басшысы өскелең ұрпақтың білімді де білікті, өнегелі, ұлтжанды, өз елінің нағыз патриоты болу керектігіне терең үңілді. Сөз соңында жас буынға арнап гитарамен ән айтып, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, текелілік жастарға мол сенім артатынын жеткізді. Олай болса, осы сенімге сызат түсірмеу - жастардың міндеті екенін ұмытпайық!



