Бүгін моноқала Текеліде қаланың керемет көрінісін ашатын жаңа бақылау алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Тау басында кездескен қала әкімі Бахтияр Өнербаев пен жастардың басқосуында шаһар басшысы гитарамен ән шырқап, аталмыш орынның пайда болуы туралы айтып өтті.
- Осы жылдың Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Қаламыздың жастарына арнап жайлы демалыс орнын жасау бұрыннан ойымызда жүрген. Тұрғындар да дәл осы жерде бақылау алаңын ашуды ұсынған еді. Міне, бүгін нәтижесін көріп отырсыздар. Бұл жердің қаламыздағы ең көрікті, текеліліктердің жиі келетін демалыс орынына айналатын жер боларына сенемін,-дейді қала басшысы.
Жастар жылына орай өткізілген шарада жиналған қауым ән айтып, әсем қала Текелі туралы өлеңдерін оқыды. Ал керемет кештің сәнін ортада жағылған алау келтірді.



