Текелі қаласында 7 баланы асырап отырған көпбалалы отбасыға демеушілік көмек ретінде 4 бөлмелі үйдің кілті табысталды.
Мұндай үлкен қуанышты отбасыға "Фирма СМР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйлады. Компанияның басқарушы директоры Жанболат Пржанов өз қолымен отағасы Сизиков Александрға үйдің кілті мен құжаттарын тапсырып, өзінің әсерімен бөлісті.
- Осындай отбасыға көмек қолын созып, олардың бақытты жүздерін көру мен үшін үлкен қуаныш. Мүмкіндік барда мұқтаж жандарға көмектесу керек. Барша кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды осындай игі істер жасауға шақырамын, -дейді ол.
Баспана қуанышын бөлісуге моноқала әкімі Бахтияр Өнербаев та келді. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталған қала басшысы:
-Бұл біздің қалада кәсіпкерлердің қолдауымен сыйланған үшінші үй. Сондай-ақ, республикалық және облыстық бюджеттен көпбалалы отбасыларға үй сатып алу үшін арнайы қаражат бөлінген. Бүгінде бірнеше үй сатып алынып, құжаттары рәсімделуде. Жалпы, Текеліде 415 көпбалалы отбасылар тіркелген. Оның 170-і үйге мұқтаж болса, 96 отбасы кезекте тұр. Жақын күндері осы кезек бойынша үй беріле бастайды. Бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасады - деп атап өтті.
Отағасы Сизиков Александр І топтағы мүгедек бола тұра, жұбайы Мельникова Натальямен 7 баланы асырап отыр. Наталья ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап күйеуінің жеке көмекшісі болып тіркелді. Сондай-ақ, мүгедектік бойынша, көпбалалы ана ретінде, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жалдамалы үйлерде тұрып келген отбасы бүгінде үйлі болып, қуаныштарын жасыра алмады.
Атап өту керек, мұндай игі істер легі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.



