Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадр резервінің қалыптасатынын айтқан болатын.
Ел ертеңі бүгінгі жастардың қолында екені белгілі. Олай болса, ертеңге деген сенімді көзқараспен алдыға қарай батыл қадам жасауымызға толықтай негіз бар. Себебі, қазіргі жастарға барлық мүмкіндіктердің есігі ашық. Мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп, олардың білім алуына, кәсіби біліктілігін арттыруына, кәсіппен айналысуына жағдай жасалған. Соның бірі жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифтті құру мақсатында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру. Кадр резервіне жоғары білімі бар, кемінде 5 жыл еңбек еткен және 35 жасқа дейінгі кез келген еліміздің азаматы үміткер бола алады.
Әрине, іріктеу болғаннан кейін жеңімпаз анықталуы керек. Яғни, резервке қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейіне ие, өзін-өзі кәсіби дамытуға, оқып-үйренуге бейім, сараптамалық ақыл-қабілеті айқын көрінетін көшбасшылық қасиетке ие жастар алынады. Резервке тұрған азамат 5 жыл ішінде саяси немесе басқарушы лауазымдарға, ұлттық холдингтердің немесе компаниялардың басқарушы лауазымдарына тағайындала алады.
Бұл еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде енгізіліп отырған жаңа институт. Нәтижесі тиімділігін көрсетеді деп сенемін.
Өңіріміздің жастарын іріктеуге қатысуға шақырамын.
Г.Р.Байтаева, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік Университеті, «Мемлекеттік басқару және менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к



