«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсы «Ауыл»
Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет» порталының ұйымдастырумен биыл үшінші рет өткізілгелі отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде конкурстың басталауына орай баспасөз маслихаты өтті.
«2016 жылы конкурсқа 219 шығарма қабылданды. Келіп түскен барлық шығармалар топтастырылып, «Ауыл» партиясының қолдауымен «Алтын тұғыр» деген атаумен 3 томдық жинақ болып басылып шықты. Жинақ «Ауыл» партиясының аймақтардағы филиалдары арқылы кітапханаларға таратылды. 2017 жылы әдеби-онлайн конкурсқа 213 туынды келіп түсті. Қазіргі таңда 2017 жылғы үздік шығармалардың үш томдық топтамасы баспаға тапсырылды. Маусым айының 8-де үш томдықтың тұсаукесер салтанаты өткізіледі. Конкурс онлайн болғандықтан, елімізден бөлек Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттеріндегі қандастарымыз және шетелде білім алып жатқан жас қаламгерлер де байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Мәселен былтырғы жылғы конкурсқа Түркия елінде білім алып жатқан жас қаламгер қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды», - деді «Ауыл» партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.
«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына қатысушылардың шығармалары жыл бойы adebiportal.kz порталы және auyl.kz. сайтында түрде арқылы қабылданады. Әр номинацияда үздік шығармаларға жүлделі орындар тағайындалған. Проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша ең үздік шыққан шығарма авторына дәстүрлі «Алтын тұғыр» сыйлығы тапсырылады.
Конкурстың мақсаты - қаламгерлерді ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді суреттеуге ынталандыру, ауыл құндылықтарын насихаттау, ақындар мен жазушыларды қолдау және шығармашылығын дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға үлес қосу.
Сонымен қатар, конкурсқа қатысушылардың шығармаларын комиссия мүшелері онлайн режимінде бағалайтын болады. 2018 жылғы «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына алғаш рет орыс тілді қаламгерлер де қатысуға мүмкіндік алып отыр.



