Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Аймақ басшысы 2017 жылы Қостанай облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс 24 кіші жоба, 339 іс-шараға жалпы 2723,686 млн. теңге жұмсалғанын атап өтті.
Биылғы жылы бағдарлама аясында өңірде жалпы құны 4586,5 млн.теңгені құрайтын 85 жоба, 46 кіші жоба, 801 іс-шара іске асырылуда.
«Тәрбие және білім».
Жалпы сомасы 212,9 млн. теңге болатын 103 жоба, 585 іс-шара жүзеге асырылуда. 100-ден аса мектеп музейлері ашылып, 87 іздеу отряды құрылды. Жыл аяғына дейін өлкетану бағытында қосымша 14 мектеп музейлері ашылады. Осы бағытта Қостанай облысына танымал тұлғалар туралы мәліметтер мен экспонаттар жинастырылуда. Олардың денін танымал кісілердің туыс-туғандары әкелген.
172 млн. теңгеден астам жеке инвестициялар есебінен балаларға арналған технопарктер мен бизнес-инкубаторлар желісін құру үшін облыстың барлық аймақтарын қамти отырып, 21 цифрлық технологиялар кабинеті сатып алынды. Сонымен қатар, «Мамандандырылған ақпараттық технологияар мектеп-лицей-интернаты» жобасын іске асыру басталып кетті. Оған облыстық бюджеттен 178 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Рухани қазына».
Жалпы сомасы 208,6 млн. теңгенің 87 кіші жобасы мен іс-шаралары жүзеге асырылуда. 2017 жылы меценаттардың көмегімен Кейкі батыр кесенесі (97 млн. теңге) мен Тархан Шақшақ Жәнібек ескерткіші (125 млн.теңге) тұрғызылып, бюджет қаражаты есебінен Ыбырай Алтынсарин кесенесі қайта жаңғырды (180 млн. теңге).
Қостанай облысының киелі орындар тізіміне 29 нысан енгізілген, соның ішінде 10 жалпыұлттық және 19 жергілікті нысан бар. Биылғы жылы қасиетті нысандарды жөндеу, қайта жаңғырту және аумақтарын абаттандыруға 88,5 млн. теңге қаражат жұмсалмақ. Жөндеу жұмыстары Сарыкөл ауданындағы Барақ батыр мавзолейі мен Ұзынкөл ауданындағы Святоникольская шіркеуіне де жүргізілетін болады.
«Атамекен».
Облыста «Көркейе бер, Қостанай!» акциясы кең қанат жайып, нәтижесінде 2017 жылы 2 млрд. 674 теңгенің 135 әлеуметтік жобасы іске асырылды. «Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер бағдарламаның «Атамекен» жобасына ерекше қолдау танытты. Бизнес құрылымдардың атсалысуымен 101 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт мекемелері жөнделіп, 61 әлеуметтік нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылды, 18 балалар және спорт алаңдары орнатылды», - деді А.Мұхамбетов.
Облыс әкімі баяндамасында «Атамекен» жобасы бойынша 2018 жылы 4 млрд. 165 млн. теңгенің тағы 140 әлеуметтік жобасы іске қосылатынын мәлімдеді. Бұған қоса 1000 орынға арналған Ұлттық мәдени орталық салынады, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның құрметіне саябақ ашылып, ескерткіш мүсіні орнатылады; Ұлы Отан соғысы батырларының құрметіне Даңқ аллеясы ашылады және Қазақ халқына алғыс монументі бой көтермек.
Сөз соңында А.Мұхамбетов аймақтың басты байлығы оның еңбексүйгіш, білімге, кәсіби өсуге және рухани жаңғыруға ынталы, ел тағдырына жауапты азаматтары екенін атап өтті.
Жауапты тұлға: Байменова З.Ә.- Қостанай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы (тел.: 87142-575191)



