Жуырда Грецияның Афина қаласында джиу-джитсудан балалар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп, оған қатысқан 45 мемлекеттің 1000-ға жуық спортшысының ішінде 5-еуі Алматы облысынан барған болатын.
Аталмыш әлемдік додада Қазақстан бойынша отандастарымыз 14 медаль иеленіп қайтты. Айтулы 14 жүлденің 2-еуі - алтын, 3-еуі - күміс, 9-ы - қола медаль.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте джиу-джитсудан Греция қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алтын медаль иегері Қанатбек Аслан және қола медаль иегерлері Елдосқызы Ботагөз бен Нұрмұханбетов Жандос шетелдегі ойындарымен, сынақтарымен, алған әсерлерімен, сондай-ақ армандарымен бөлісті.
Жетісулық шәкірттерім жарады! Іріктеуде топ бойынша Алматы облысы 1-ші орынды иеленді, 15 алтынның ішінде 8-і – Талдықорған спортшыларының қанжығасында, - деді Талдықорған қалалық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Айдос Усабаев.
Алдағы уақытта, нақтырақ айтсақ, 18-22 мамыр аралығында Атырау қаласында балалар және жасөспірімдер арасында өтетін додаға да Алматы облысының 25-ке жуық спортшысы тастүйін дайын көрінеді.



