Мүмкіндігі шектеулі жандар десе, ең алдымен көз алдымызға қолынан іс келмейтін, тағдыр қиыншылығына қысылған жандар елестейтін секілді. Жұмысқа жарамсыз, қол қусырып отыратын пенделер іспетті қарайтын ұғымда жоқ емес арамызда.
Десекте, бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамға белсенді араласып, арамызда түрлі кәсіп иелері атанып жатқандарда кездеседі. Білегіне күшін салып, иық тіресе еңбек ететіндерді де көзіміз шалып жүр. Осы тұста мемлекеттің қолдауы да бар әрине! Алайда, «әттең тонның келтесі - ай» деп , талантын баршаға паш етуден қапыда қалғандар да жоқ емес. Мемлекеттің мүмкіндігін көріп отырып, айтып жеткізуден қиналатындар әсіресе!
Олай дейтініміз, Ақсу ауданы Суықсай ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылының тұрғыны Құмалақов Серік Төлеуұлының ұсталық шеберлігі бір кісідей. 45 жастағы ауыл тұрғыны дүние есігін ашқаннан бастап дауыстап сөйлеуден құр қалған. Соның салдарынан оқудан да тысқары қалып, белгілі бір мамандық иегері де атанбапты. Алайда зағип жан қол өнер бұйымдарын жасаудан, ұсталық шеберлігі, ағаш, темір ұсталығына қызығушылығы бала кезінен басталған. Уақыт өте келе осы кәсіпті ермек етіп түрлі қол өнер бұйымдарын жасап бастаған. Алайда тау етегінде мал шаруашылығымен күнелтіп отырған ел алысқа шығып өнерін насихаттаудан біршама шетте. Серік, өз бұйымдарын көбіне ауыл ішінде сыйлыққа таратып келген. Арнайы ақыда сұрамайды екен бұл үшін. Сонау 1998 жылдан бастап осы істі өзіне серік еткен Серік, бүгінге дейін 100 – ден аса күрделі портреттердің авторы. Ол көбіне табиғатты, сұлулықты көрсететін дүниелер мен тау, тас және аң мен құстардың суретін қағазға түсіруге құштар. Шебер бір айдың ішінде шамамен 7-8 суретті ағаштан ойып шығарады.
Серік Төлеуұлы: «Көбіне ағаш, темір бұйымдарын өрнектеп түрлі дүние жасауды жақсы көремін. Алдымен қиялыма ерік беріп қандай бұйым жасайтынымды, нендей сурет салғым келгенін қағаз бетіне түсіріп аламын. Сосын оны қиып ағаштан оямын. Дайын болған соң түрліше әсемдеп, өрнектеп шығамын. Бір жұмысты аяқтауым үшін 2 күн уақытым кетеді. Өйткені бұл кәсіпке қолдың қара күші қажет. Оңай емес! Қиын болсада ынта жігеріммен бітіруге тырысамын. Бүгінгі күнге дейін мен салмаған табиғат пен жануарлар қалмаған сірә!? Жасаған дүниелерімді арнайы сатылымға қойып, өнерімді көпшілікке таныстырсам деген ниетім бар. Түрлі ұйымдастырылатын көрмелерге де қатысуға құштармын. Айым оңынан туып жатса, кішігірім шеберхана ашып кәсібімді жалғастырсам деймын».
Айта кетейік Серіктің мүмкіндігі шектеулі, мылқау жандар санатында болсада өз ауылының кіре берісіне ауыл атын жазып темірден маңдайша жасап орнатқан.



