Қашанда адам жанына жігер мен қайрат беретін алапат күш бар. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атап өткендей, «Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуға тиіс». Отан алдындағы парызды өтеу жолында қайсарлық пен жауынгерлік ерліктерін көрсеткен азаматтарымыз қандай құрметке де лайық.
Биыл Кеңес әскерінің ауған жеріндегі ұрыс даласынан шығарылғанына 30 жыл толды. Қанша уақыт өтсе де, айбынды жауынгерлердің ерліктері біздің жүрегімізде мәңгі қалады, ал олардың батырлығы өскелең ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге болып қала бермек...
Осы орайда, биыл 30 жылдық мерейтой Даңқ монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жиналған қауым еліміз жүктеген міндет пен парызды абыроймен атқарып, ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен батырларымызды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Текелілік ақын, қаланың құрметті азаматы Светлана Кнуренко 1989 жылы 15 ақпанда жазылған "Последний солдат переходит границу" атты өзінің авторлық туындысын оқыды.
Іс-шаралар қалалық мәдениет үйіндегі мерекелік концертке ұласты. Ардагерлерді Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев құттықтады.
- Бұл біз үшін - тарихи күн. Ондаған жылғы қасіреттің аяқталған қуанышымен қатар, талай шаңыраққа орны толмас қайғының ізін қалдырған күн. Бүгінде міне, сіздер жас буынға батырлық пен ерліктің тамаша үлгісін көрсетіп келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде қосқан өлшеусіз үлестеріңіз бен Отанды сүю, елжандылыққа үйрету ісіндегі азаматтық қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылық білдіремін. Өздеріңіздей өр рухты азаматтарымыз барда Мәңгілік Еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болатынына сенімдімін,-дейді қала басшысы.
Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Разбек Мырзағалиев қарулас достарын құттықтап, дұшпан оғынан қаза тапқан боздақтарымызды еске алды. Сондай-ақ, жастарға патриоттық тәрбие беруде аянбай үлесін қосуға дайын екенін атап өтті.
Айта кету керек, бүгінде Текелі қаласында 30-ға жуық жауынгер-интернационалистер тұрады. Олар қоғамдық өмірдің сан-саласында белсенді қызмет етіп, қала жастарын игі қадамдарға бастайтын жұмыстарды жүргізуде.
Назерке Мамырбек



