Новости

Жетісу жерін «Қызыл кітапқа» енген жайран, тоғай бұғысы, жыртқыш аңдардан қар барысы, тас сусары мекен етеді

Рейтинг:  0 / 5

Звезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активна
 

Алматы облысы аумағында тұяқты жануарлардың ішінде «Қызыл кітапқа» енген – жайран, түркімен құланы, тоғай бұғысы, Пржевальский жылқысы бар. Ал жыртқыш аңдардан – қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, тас сусары және тағы басқалар, құстардан бүркіт, ителгі, дуадақ, бірқазандар тіркелген. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері мәлімдеді.

Инспекция мамандары жоғалу қаупі бар және сирек кездесетін жабайы жануарлар түрлерінің санын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Нақтырақ айтсақ, табиғат жанашырлары жабайы аңдар мен құстарды асырап, кейіннен оларды табиғатқа жіберу жұмыстарымен айналысуда. Мәселен, «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық саябағында - түркімен құланын, «Қарашеңгел» аңшылық шаруашылығында - бұқар бұғысын, «Сұңқар» тәлімбағында - ителгі мен жойылу үстіндегі басқа да жыртқыш құстарды, «Тасмұрын» шаруашылығында («Табиғат» ЖШС) - тоғай бұғысын, ал «Бақбақты» аңшылық шаруашылығында («Аттика» ЖШС) Жетісу қырғауылын асырау бойынша жүйелі жұмыстар өз арнасын тапқан.

- Осындай жұмыстардың нәтижесінде бұқар бұғысының облыстағы саны 615 басты құрады, бұл осы бұғының әлемдік санының 80%-ын құрайды. «Тасмұрын» аңшылық шаруашылығында («VIP SafariService» ЖШС) тоғай бұғысы (қазіргі таңда 15 бас бар) мен қабан (бүгінде олардың саны 15) өсірілуде. «Алтын емелдегі» түркімен құланының саны 26 бастан 3254-ке дейін артқан, сонымен қатар қазіргі таңда құланды басқа аймақтарға – оның тарихи өмір сүру аудандарына интродукциялау жұмыстары жүргізілуде. Осылайша 2010-2013 жылдар аралығында Жамбыл облысы Андасай қорықшасына «Алтын емелден» 150 бас құлан жөнелтілді, - деді Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Темірлан Мамиев.

Сондай-ақ, «Сұңқар» тәлімбағынан 1989 жылдан бері табиғатқа 635 ителгі, 20 бүркіт жіберілген. Мұндай жұмыстардың басты мақсатына жабайы жануарларды көбейтудің жаңа ғылыми әдістемелерін жасау да жатады. Осылайша ресми ғылыми нұсқа бойынша, Жетісу қырғауылы еркіндікте болмаған жағдайда көбейе алмайды. Бұл мәселеге қатысты жұмыстар «Бақбақты» шаруашылығында («Аттика» ЖШС) жүргізіледі, мұнда соңғы жеті жыл ішінде аналық құс басы қалыптастырылып, жыл сайын еркінсіздікте алынған Жетісу қырғауылдары табиғатқа жіберіледі.

Брифингте, сонымен қатар, аңшылыққа жарамды жерлер мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жабайы жануарларды есепке алу мәселесі де тарқатылды. Есептік жылда мұндай бақылау, есепке алу жұмыстары 8 аңшылық шаруашылық пен екі ұлттық саябақта («Іле-Алатау» мен «Алтын емел») жүргізілген. Сонымен қатар, «Охотзоопром» ӨБ-мен бірлесе отырып, жануарлардың сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлерін есепке алу тақырыбы да күн тәртібінен түскен емес. Осылайша есептік жылда бір ай ішінде облыс аумағындағы арқар, жайран және құлан сынды жануарларды әуеден де есепке алу жұмыстары жүзеге асырылған.