Новости

Рухани нәрсіз ел мәңгілік бола алмайды

Рейтинг:  0 / 5

Звезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активна
 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлт мәдениеті, тарихы, руханияты тұрғысындағы қадау-қадау ойлары бізге болашақта атқарар көп жұмысымыздың алғышарты, бағдаршамы іспеттес. Бізге Мемлекет басшысы осы салмақты мақаласы арқылы стратегиялық бағыт-бағдар беріп отыр.

Бұл - Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында философия ғылымдарының докторы, профессор, «Мәңгілік ел» ғылыми білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Аманжол Қасабектің БАҚ өкілдерімен бөліскен ойлары.

- Мені мақаладағы туған жер, туған өлке бөлігі көбірек толғантты. Әрбір елжанды азамат кіндік қаны тамған туған жеріне қолұшын созып, соның көркеюіне, өркендеуіне әрдайым үлес қосып жүрер болса, бай- қуатты мемлекетке айналарымыз сөзсіз. Мен Жетісу мемлекеттік университетін сонау нарық жылдары басқардым. Өте қиын жағдай еді ол кезең. Шетелге барған бір сапарымда сол жақтан университетке компьютер арқалап әкелгенім есіме түсіп отырғаны. Ал бүгінгі таңда өркениеттің төріне шықтық. Туған жердің азаматтарымен бірлесіп, ауылдың кітапханаларына кітаптар көтеріп апарғанымыз да есте. Бұл - ұрпағымыз рухани құндылықтардан сіміріп ішсін, біліммен сусындап өссін деген ізгі ниеттен, әрине. Кітап демекші, Иран мемлекетінде болғанымда, 1200 жылдық тарихы бар, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жекеменшік кітапханамен таныстым. Сонда әл-Фарабидің елушақты жазбасын көрдім. Міне, рухани құндылықтарды ұлықтау! Жаңа тұрпатты жаңарудың ең басты шарты – ұлттың кодын сақтай білу. Елбасы айтып отырған ұлттық код – кілт. Сол кілтпен ашып кеп қалғанда, арғы жағымыздан рухани бай әлеміміз жарқ ете қалуы тиіс. Мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүрегімнен өткізе отырып түгел оқып шықтым. Енді онда айтылған салмақты ойларды ұрпағыма, шәкірттеріме жете түсіндіруден жалықпаймын, - дейді А.Қасабек.

Тәжірибелі де көшелі ұстаз сондай-ақ, мақалада айтылған тіл, ұлттық бірегейлік, прагматизм, сананың жаңғыруы сынды тақырыптарды философиялық тұрғыда тарқатып берді.