Бүгінгі таңда республикада музейлер саны бойынша Алматы облысы І орынды алады. Облыс бойынша халыққа 22 музей, 2 галерея қызмет етуде.
Алматы облысы әкімінің қолдауымен алты жыл ішінде 16 музейге жөндеу және безендіру жұмыстары жүргізіліп, музей қорлары жаңа экспонаттармен толыққан. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаева айтты.
— «Музалар ғибадатханасы», «ескілікті сақтаушы» немесе «көне құндылықты сақтайтын орын» деген мағынаны білдіретін музейлердің негізгі міндеті - жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлт тарихын тереңдеп таныту болып табылады. Әр музей құнды жәдігерлерімен, қайталанбас тарихымен ерекше. Облыс аумағындағы музейлер қоры 60 239 жәдігерді құрайды. Оның 30 081-і Негізгі қорға, 30 158-і көмекші қорға жатады. Осы жәдігерлерге есеп пен сақтау жұмыстарының дұрыс жүргізілуін ұйымдастыру мен қамтамасыз ету кез келген музейге қойылатын басты талап, - деді Р. Аязбаева.
Жалпы, Алматы облысындағы музейлердің ішінен ең көне жәдігерлердің бірегейі деп бір шегесіз тұрғызылған Жаркент мешітін, 1946 жылы құрылған Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды, қазақтың тұңғыш саяхатшы-ғалымы Ш.Уәлихановтың (1985 ж.), елімізде ең бірінші болып «Алтын адам» ескерткіші табылған Есік қаласындағы археологиялық- өлкетану (1996 ж.), «Черкасск қорғанысы», М.Мақатаевтың әдеби және М.Төлебаевтың мемориалды музейлерін атап айтуға болады.


